<<
>>

Жер қойнауын пайдалану саласындағы инвестициялық қызметті құқықтық реттеу

Жер қойнауын пайдалану және қоршаған ортаны қорғау саласындағы инвестицияларды құқықтық реттеу мәселелері қашан да пікірталастардың өзекті тақырыбы болып келеді.

Олардың өзектілігі инвестициялық қызметті мемлекеттік реттеу саласындағы түпкілікті, әсіресе, қазіргі дағдарыс жағдайындағы қайта құру тұсында инвестицияларды қолдау және қорғауды құқықтық тұрғыда қамтамасыз ету қажеттілігімен анықталады.

Меншік құқықтары сенімді түрде қорғалуы тиіс ел экономикасының қажеттіліктері тек шаруашылық субъектілері - инвесторлардың ғана емес, мемлекет пен оның өкімет органдарының да құқық қорғау және қорғаныс қызметін белсендіруді талап етеді. Қазақстанда инвестициялық қызметті құқықтық қорғаудың жалпы жағдайы нарықтық экономиканың, әсіресе, жер қойнауын пайдалану саласының қажеттіліктерін қамтамасыз ету үшін оңтайлы және жеткілікті деп бағаланады. Сонымен бірге, қоршаған ортаны қорғау саласындағы инвестициялар деңгейін өте төмен деуге болады, өйткені шығыны көп бұл салаға инвестиция тікелей салынбайды. Дегенмен, шаруашылық субъектілері жер қойнауын пайдалану саласына салатын инвестицияларды ішінара табиғат қорғау қызметіне де жұмсайды.

Инвестициялық қызметтің жай-күйіне оны құқықтық реттеуде тиімді механизмдердің, сондай-ақ оларды әкімшілік-құқықтық және қаржы-құқықтық құралдармен қорғау барысында инвестициялық үдеріске қатысушылардың өзара іс-әрекетінде басқару моделінің жоқтығы кері әсер ететіні белгілі.

Соңғы кезде еліміздің бірқатар заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар кіргізу нәтижесінде Қазақстандағы инвестициялық жағдайдың тартымдылығы біршама кеміп отыр. Бұның ел экономикасына қалай әсер ететінін уақыт көрсетеді, алайда инвестициялық қызмет саласындағы мәселелерге тоқталмас бұрын, Қазақстан Республикасындағы инвестиция заңнамасының даму тарихын еске түсіру артық емес, себебі бұл заңнама алдыңғы қатарлы технологияларды қолдана отырып, жер қойнауын пайдалану және қоршаған ортаны қорғау операцияларын жүзеге асырудың құқықтық негізін салды.

Кеңестер Одағы ыдырар қарсаңын (1991 ж.) еске түсірелік. Өткен ғасырдың 80-жылдарының аяғындағы Горбачев жылымығы, «қайта құру» және «жаңаша ойлау» қоғам алдында тұрған жаңа міндеттерді сол кезде өмір сүріп отырған социалистік жоспарлау жүйесі шеше алмайтынын айқын көрсетті.

Ел қорқынышты экономикалық және саяси дағдарыста болды, бұл тығырықтан шығудың жалғыз жолы шаруашылық есеп және нарықтық қатынастарға көшу болды, ал бұның өзі меншікті мемлекеттен айыруды (жекешелендіруді), бюджет құраушы салаларға шетелдік инвестициялар тартуды қажет етті.

Ал мұндай сала, көмірсутекті шикізаттың бағасы 70-80-жылдардың аяғындағыдан елеулі түрде төмен болғанына қарамастан, мұнай-газ саласы болды.

Осы күрделі кезеңде, 1990 жылдың 7 желтоқсанында «Қазақ ССР-індегі шетелдік инвестициялар туралы» Заң қабылданды және оны сол кездегі прогрессивті құқықтық актілер санатына жатқызудың еш артықтығы жоқ.

Бұл заңда «Қазақ ССР-і аумағындағы шетелдік инвестициялардың нысаны кәсіпорындар, кеңестік заңды тұлғалар мүлкіндегі үлескерлік, акциялар мен басқа да бағалы қағаздар, басқа да мүліктер, сондай-ақ Қазақ ССР-і аумағында шаруашылық және басқа да қызметті жүзеге асыру үшін Қазақ ССР-індегі табиғи ресурстарды пайдалануға сатып алынған мүліктік құқықтар болып табылады» деп танылған. Бұл ережемен көпшілігі жеке компания болып табылатын шетелдік шаруашылық субъектілерінің еліміздегі активтерге ие болу, оларды пайдалану, билеуге қатысу мүмкіндігі заңнамалық деңгейде мойындалды. Сөйтіп шетелдік инвестицияларға, нарықтық қатынастарға және мемлекеттік меншікті жекешелендіруге жол ашылды. Бұл жер қойнауын пайдалану саласының шетелдік инвестициялар негізінде дамуында орасан зор рөл атқарды.

90-жылдардың басында Қазақстанға көптеген ірі ұлтаралық компаниялар келіп, жер қойнауын пайдалануға алғашқы инвестициялық шарттар мен келісім-шарттар жасады. Жаңа технологияларды енгізу, өндірісті кеңейту, экспортқа бейімделген өнім өндірісін ұлғайту нәтижесінде Теңіз және Қарашығанақ сияқты ірі мұнай-газ жобаларына жаңа тыныс бітті. Бұл өз кезегінде елімізге еркін айырбасталатын валютаның түсуін қамтамасыз етіп, өнеркәсіптің өзге салалары мен әлеуметтік бағдарламаларды жандандырды.

Мұнай-газ саласына шетелдік инвесторлардың келуі және олардың сәтті жұмысы Қазақстанда жағымды инвестициялық климат қалыптастырды, ал бұның өзі экономиканың басқа да маңызды - көмір, металлургия, уран, алтын өндіруші, тіпті коммуналдық - салаларына жаңа инвестициялар тартуға мүмкіндік жасады.

Осылайша шетелдік инвестицияларға жақсы бастама берілді.

Осы жағымды үлгі 1991 жылғы 10 маусымда «Қазақ ССР-індегі инвестициялық қызмет туралы» тағы бір маңызды заңның қабылдануына негіз болды. Бұл заңның негізінде «инвестициялар» деп «қаржылық және материалдық-техникалық құралдар салымының барлық түрлері, сондай-ақ кіріс, әлеуметтік, экономикалық, экологиялық, ғылыми-техникалық пайда алу үшін кәсіпкерлік және басқа да қызметтерге салынатын мүліктік құқықтар мен интеллектуалды құндылықтар» түсінілді. Тұңғыш рет инвестициялық қызметтің субъектісі деп тек шетелдіктер ғана емес, қазақстандық қатысушылар да танылды. Бұл заң нарықтық қатынастардың орнығуына жаңа серпін берді.

Қазақстан экономикасына, әсіресе, оның бюджет құраушы салаларына, атап айтқанда, жер қойнауын пайдалану саласына шетелдік және ұлттық инвестициялардың келуіне сол кездегі салық заңнамасының нормалары да ықпал етті. Мәселен, Қазақ ССР-інің «Кәсіпорындардан, бірлестіктер мен ұйымдардан салық алу» туралы 1991 жылғы 14 ақпандағы Заңының 10-бабы инвесторларға елеулі салық жеңілдіктері мен артықшылықтар беру мүмкіндігін көздеген еді.

Сонымен, елімізде инвестициялық қызмет үшін маңызды құқықтық база құрылды. Сол кезде КСРО құрамына кіретін басқа бірде-бір республикада мұндай прогрессивті құқықтық актілер болмағанын айта кеткен жөн.

Егеменділік пен тәуелсіздікті жариялаған соң, Қазақстан аса қысқа мерзімде өкіметтің жаңа институттары мен нарықтық қатынастар негізін қалыптастырды, меншікті жекешелендіріп, ақша реформасын жүргізді, қаржы жүйесін дамытуға және нығайтуға бағытталған бірқатар заңдар қабылдады. Тіпті, 1995 жылғы парламент дағдарысы жағдайында Қазақстан Республикасының Президенті төтенше өкілеттік алып, заң күшіне ие бірнеше маңызды Жарлық қабылдады, олар еліміздің халықаралық экономикалық қатынастарға енуіне сенімді іргетас қалады.

1997 жылдың 28 ақпанында тағы бір құқықтық акт қабылданды. «Тіке инвестицияларды мемлекеттік қолдау туралы» Заңның мақсаты - экономиканың артықшылықты секторларындағы тауар өндіруді, жұмысты, қызмет көрсетуді жеделдетіп дамытуды қамтамасыз ету үшін жағымды инвестициялық климат жасау болды.

Осылардың бәрі оң нәтиже беріп, Қазақстан қазіргі дағдарысқа дейін сәтті дамып келді. Дегенмен, мемлекетте соңғы онжылдықта құрылған экономикалық және қаржылық жүйе осы дағдарысты жағдайда да экономика мен әлеуметтік саладағы қиындықтарды жеңуге мүмкіндік береді. Тартылған инвестициялар негізінде құрылған, әсіресе, жер қойнауын пайдалану саласындағы кәсіпорындар минералды шикізаттың әлемдік бағасы едәуір төмендегеніне қарамастан сәтті жұмыс істеп жатыр.

2003 жылдың 8 қаңтарында жаңа «Инвестициялар туралы» заң қабылданды және онымен жоғарыда келтірілген барлық заңнамалық актілердің күші жойылды.

Бұл мемлекеттің еліміздегі саяси және экономикалық біршама тұрақтылық жағдайындағы инвестициялық қызмет саласының қатынастарын реттеуге бағытталған жаңа қадамы болды. Аталған заң осы күнге дейін қолданыстағы құқықтық акт болғандықтан, оның 4-бабының 3-тармақшасында бекітілген маңызды ережені атап өту керек. Онда «Қазақстан Республикасы инвесторлар мен Қазақстан Республикасы мемлекеттік органдарының арасында жасалған шарттар ережелерінің, тараптардың келісімі бойынша шарттарға өзгерістер енгізілгеннен басқа жағдайлардың бәрінде, тұрақтылығына кепілдік береді» деп көрсетілген. Алайда бұл жалпы ереже:

1. Қазақстан Республикасының акцизделетін тауарлардың импорты, өндірісі, өткізілу жағдайлары мен тәртібін өзгертетін заңнамаларындағы өзгертулерге және/немесе Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарының күшіне енуі және/немесе өзгеруіне;

2. Қазақстан Республикасының заңнама актілеріне ұлттық және экологиялық қауіпсіздікті, денсаулықты, адамгершілікті қамтамасыз ету мақсатында енгізілетін өзгертулер мен толықтыруларға ықпал етпейді.

Аталған заң актісі қабылданған соң инвестициялық қызмет саласындағы жағдай күрт өзгерді. Өкілетті мемлекеттік органдар жаңадан қабылданған құқықтық актілердің ережелерін Қазақстан Республикасымен инвестициялық шарттар және жер қойнауын пайдалану жөнінде келісім-шарт жасаған инвесторлардың қызметіне тарата бастады. Қателікті сот практикасы және басқа да жағдай қалыптаса бастады, ал мұның өзі инвестициялық қызметке қатысушылар мүдделерінің балансы бұзылуына әкелді. Сөзіміз дәлелді болу үшін бірер мысал келтірелік.

Сонымен, қазіргі уақытта ең даулы болып отырған заңнама ережесі - құзіретті мемлекеттік органның жер қойнауын пайдаланушы жер қойнауын пайдалану құқығының иелігінен айырылған бөлігін және/немесе жер қойнауын пайдалануға құқықты заңды тұлғаның иелігінен айырылған қатысу үлесін (акциялар топтамасын) сатып алуға мемлекеттің артықшылықты құқығын орындамаған (орындауға кедергі келтірген) жағдайда келісім-шартты біржақты бұзуға құқықтылығы жөнінде (Қазақстан Республикасының «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Заңының 45-2-бабы 2-тармағының 6-тармақшасы және 71-бабы). Бұл заңнамалық новелла ҚР Үкіметінің бастамасы бойынша Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 24 қазандағы № 2 заңымен күшіне енді. Бұл арада туындайтын сұрақ - аталған талапты осы заңнамалық акт әрекетке қосылғанға дейін жасалған келісім-шарттарға таратуға бола ма, өйткені жер қойнауын пайдалануға бұрын жасалған барлық дерлік келісім-шарттарда іс жүзінде келісім-шарт ережелерінің тұрақтылығының кепілдігі туралы нормалар бар, бұл - біріншіден. Екіншіден, бұл заңнамалық новелла басқа құқықтық актілердің ережелерімен қалайша сәйкес келеді? Мұнда мүдделер балансы бұзылмай ма, яғни инвесторлар мен жер қойнауын пайдаланушылардың құқықтары бұзылмай ма?

Осы жағдайға талдау жасап көрелік. Мәселен, негізінен, Қазақстанда шетелдік инвестор деген қосымша мәртебеге ие халықаралық энергетикалық компаниялармен жасалған жер қойнауын пайдалану келісім-шарттарының көпшілігінде жобаның әрбір қатысушысы жер қойнауын пайдалану құқығының иелігінен айырылған бөлігін және/немесе жер қойнауын пайдалануға құқықты заңды тұлғаның иелігінен айырылған қатысу үлесін (акциялар топтамасын) сатып алуға артықшылықты құқыққа ие деген ережелер бар. Оларда иелігінен айырылған қатысу үлесін (акциялар топтамасын) сатып алуға тек қана мемлекеттің үстем артықшылықты құқығы көрсетілмеген.

Жер қойнауын пайдаланушы мен мемлекеттік құзіретті орган арасында жасалған кез келген келісім-шарт шын мәнінде екі немесе бірнеше субъекттің арасындағы азаматтық-құқықтық шарт болып табылатыны және оның мәні жер қойнауын игеру (өндіру, барлау, барлау аралас өндіру, жерасты құрылыстарын салу және пайдалану) екені белгілі. Келісім-шартқа (шартқа) отырған әрбір тараптың қатаң белгіленген құқықтары мен міндеттемелері бар. Осыған байланысты ҚР Азаматтық кодексінің 383-бабына жүгінелік, онда мына ереже бекітілген: «Шарт тараптар үшiн оны жасасу кезiнде қолданылып жүрген заңдармен белгiленген мiндеттi ережелерге (императивтiк қалыптарға) сәйкес келуге тиiс. Егер шарт жасалғаннан кейiн шарт жасалған кезде қолданылып жүрген ережелерден өзгеше, тараптар үшiн мiндеттi ережелер заңдармен белгiленген болса, жасалған шарттың ережелерi оның күнi бұрын жасалған шарттардан туындайтын қатынастарға да қолданылады деп заңдармен белгiлегендегiден басқа жағдайларда, өз күшiн сақтайды». Нормативтік құқықтық актілер иерархиясында заңнан бір саты жоғары тұратын кодекстің осы айқын ережесі[267], жаңа құқықтық актіде керісінше көрсетілмесе, жасалған шарттардың ережелері әрқашан күшін сақтап қалатынын байқатады.

«Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Заңның 71-бабында бекітілген ережелерге сәйкес «Жер қойнауын пайдаланушыға заңдарға сәйкес оның құқықтарын қорғау кепiлдiгi берiледi. Жер қойнауын пайдаланушының жағдайын нашарлататын заңдарға енгiзiлген өзгертулер мен толықтырулар осы өзгерiстер мен толықтырулар енгiзiлгенге дейiн жасалған келiсiм-шарттарға қолданылмайды». Бұл кепілдіктер «қорғаныс қабілетiн, ұлттық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету саласындағы, экологиялық қауiпсiздiк және денсаулық сақтау саласындағы Қазақстан Республикасы заңдарының өзгерiсiне қолданылмайды». Осыған ұқсас ереже 1995 жылдың 28 маусымындағы ҚР № 2350 «Мұнай туралы» Заңының 57-бабында да бекітілген. Келісімдер жағдайларының тұрақтылығы мәселелері 2005 жылдың 8 шілдесіндегі ҚР № 68 «Теңізде мұнай операцияларын жүргізу кезінде өнімдерді бөлу жөніндегі келісімдер (келісім-шарттар) туралы» Заңымен бұрын да реттелген еді.

Сонымен, Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасында жер қойнауын пайдалану үшін бұрын жасалған инвестициялық шарттар мен келісім-шарттардың тұрақтылығы жөнінде жалпы ереже бекітілген және оларға мемлекет кепілдік береді. Жалпы ережеден тысқары жағдайлар кеңінен түсіндіруге жатпайды және бұлар, ең әуелі, ұлттық қауіпсіздікті, экологиялық қауіпсіздікті, денсаулық сақтау, адамгершілік жай-күйін қамтамасыз ету мәселелерімен, сол сияқты акцизделетін тауарлардың айналымы мәселелерімен байланысты.

Мемлекеттің өзін аса ақтамайтын әрекетінің бірі - ҚР «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Заңының 45-3-бабын толықтыру болып табылады. Ол толықтыруда «Егер стратегиялық маңызы бар жер қойнауы учаскелеріне (кен орындарына) қатысты жер қойнауын пайдалану операцияларын жүргізу кезінде жер қойнауын пайдаланушының іс-әрекеттері Қазақстан Республикасының экономикалық мүдделерін ұлттық қауіпсіздікке қатер төндіретіндей елеулі түрде өзгертуге әкеп соқса, құзыретті орган Үкіметтің бастамасы бойынша келісім-шартты орындаудан біржақты бас тартуға құқылы» деген ереже бекітілген.

Бұл сияқты ереже аталған заңның 45-2-бабындағы 1-тармақшада да берілген. Атап айтқанда, бұл норма бойынша «Егер стратегиялық маңызы бар жер қойнауы учаскелеріне (кен орындарына) қатысты жер қойнауын пайдалану операцияларын жүргізу кезінде жер қойнауын пайдаланушының іс-әрекеттері Қазақстан Республикасының экономикалық мүдделерін ұлттық қауіпсіздікке қатер төндіретіндей елеулі түрде өзгертуге әкеп соқса, құзыретті орган Қазақстан Республикасының экономикалық мүдделерін қалпына келтіру мақсатында келісім-шарттардың талаптарын өзгертуді және (немесе) толықтыруды талап етуге құқылы».

Осы заңнамалық ережелерге қарапайым заң талдауын жасағанда, мынадай сұрақтар жауапты қажет етеді: «Жер қойнауын пайдаланушының әрекеттері «елдің экономикалық мүдделерінің елеулі өзгерістеріне әкеп соққанын» кім анықтайды?». Әрі қарай, бұндай жағдай орын алғанын біреу анықтаса да, келісім-шартқа өзгертулер мен толықтырулар енгізуді талап ету үшін «Қазақстан Республикасының экономикалық мүдделерінің елеулі өзгерістеріне әкеп соққан» жағдайлар «елдің ұлттық қауіпсіздігіне қатер төндіргенін», яғни елеулі зиянды салдар тудырғанын міндетті түрде анықтау керек. Соңғы терминнің өзі - бағалауыштық ұғым, сондықтан жер

қойнауын пайдаланушы мен мемлекет мүдделерінің балансын қамтамасыз

етумен қайшы келетін субъективті көзқарасты да жоққа шығаруға болмайды. Мемлекеттік шенеуніктердің бұл терминдерді заңнамалық интерпретация жоқтығынан еркін түсінуі жер қойнауын пайдалану құқығын іске асыруға қажетті құжаттарды келістіру және бекітумен байланысты көптеген мәселелерді шешетін шенеуніктерге қандай да бір себеппен ұнамай қалған жер қойнауын пайдаланушыларды жазалауға әкелуі мүмкін. Сондай-ақ арнайы кері күш берілген бұл заң қазіргі кезде нақты жер қойнауын пайдаланушыларға қатысты туындап отырған жеке тартыстарды шешуге немесе Қазақстанның алғашқы инвесторларына ықпал ету үшін құқықтық база құруға бағытталғанын да жоққа шығаруға болмайды.

Осыған орай, 1998 жылдың 26 маусымындағы «Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігі туралы» ҚР №233 Заңындағы маңызды бір ережеге (18-баптың 2-бөлімі) назар аударғым келеді. Онда мемлекет «Қазақстан Республикасының ұлттық мүдделерiн қорғау, оның iшiнде мемлекеттiң өнеркәсiп әлеуетiн сақтау мен нығайту мақсатында» «Қазақстан экономикасының шетелдiк ұйымдар мен шетел қатысатын ұйымдардың басқаруындағы немесе меншiгiндегi объектiлердiң жай-күйi мен пайдаланылуын бақылауды» жүзеге асырса, оны міндетті түрде «шетелдік инвесторларға берілген кепілдіктерді сақтай отырып» жасау керегі көрсетілген. Әрі қарай, осы заңға сәйкес (18-баптың 2-бөлімінің 1-тармағы) мемлекеттік органдарға «экономикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету барысында» «Қазақстан экономикасына инвестициялар келуіне кедергі келтіретін іс-әрекеттер» жасауға тыйым салынған. Заңның келтірілген ережесіне қарамастан шешім қабылдау және іс-әрекет жасау осы органдар мен лауазымды тұлғаларды «жауапкершілікке тартуға» әкеп соғады.

Және, ақырында, құзіретті мемлекеттік орган тарапынан жер қойнауын пайдалануға «келісім-шартты біржақты тәртіпте бұзу» мүмкіндігі, сондай-ақ заңға кері күш беру заң шығарудағы және құқық қолданудағы аса жақсы әрекет емес. Бұны тұрақты саяси жүйесі және прогрессивті нарықтық зкономикасы, іс жүзінде әрекет ететін демократиялық институттары бар, жоғары дамыған мемлекет үшін ең жаман әрекет деп тану қажет. Бұл заң Қазақстан Республикасын 15 жылға кері, яғни еліміз нарықтық экономиканы дамыту жолына енді-енді ғана түсіп, тартымды инвестициялық климат құруға талаптанған кезге шегінтіп тастады. Заң шығарушы топтардың жаңашылдарының кінәсінен еліміздің алашағынан гөрі жоғалтатыны көп болғалы тұр.

Екінші мысал шикі мұнайға эскпорттық кедендік баж алымын кіргізумен байланысты.

Қазақстан Республикасының кеден аумағынан шығарылатын шикі мұнайдың кеден төлемдерінің ставкасы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 8 сәуіріндегі №328 Қаулысымен бекітілген. Қаулымен бұрын қолданылып жүрген 2005 жылдың 15 қазанындағы үкімет актісіне өзгертулер енгізілген. Қазір бұл акт енгізілген өзгертулерді ескере отырып, былай аталады: «Қазақстан Республикасының кеден аумағынан шикі мұнай және мұнайдан өндірілетін тауарларды шығару барысында алынатын кедендік баж туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2005 жылдың 15 қазанындағы №1036 Қаулысы (2008 жылдың 8 сәуіріндегі нұсқасы).

Алайда аталған үкімет актісінің 3-1 тармағында Қазақстан Республикасының кеден аумағынан шығарылатын шикі мұнайдың кеден төлемдерінің ставкалары «шикі мұнайға кедендік әкету баждары төлемінен босатуды көздейтін Қазақстан Республикасының Президенті бекіткен жер қойнауын пайдаланушыларға арналған келісім-шарттар бойынша олар өндірген шикі мұнайды жер қойнауын пайдаланушылардың әкетуіне қолданылмайды» деп атап көрсетілген. Шикі мұнай және мұнайдан өндірілетін тауарларға экспорттық кедендік баж «шикі мұнай мен мұнай өнімдерінің ішкі нарығын тұрақтандыру мақсатында» кіргізілгенін атап айтқан жөн.

Кедендік баждың заңдық мәртебесі қандай?

Кедендік баж бұрын қолданылып келген Қазақстан Республикасының 2001 жылдың 12 маусымындағы «Салықтар және басқа да бюджетке міндетті төлемдер туралы» №209-ІІ Кодексінің (әрі қарай - ҚР Салық Кодексі) 516-бабына сәйкес кедендік төлемдердің бір түрі болып, ҚР Салық Кодексінің 16 бөлімінде көзделген «басқа да бюджетке міндетті төлемдер» санатына жатқызылған.

Кедендік баж ұғымының ресми интерпретациясы Қазақстан Республикасының 2003 жылдың 5 сәуіріндегі №401 Кеден Кодексінің 7-бабы 1-тармағының 32-тармақшасында берілген, кедендік баж деп «Қазақстан Республикасының кеден органдары тауарды Қазақстан Республикасының кедендік аумағына әкелген кезде немесе тауарды аталған аумақтан әкеткен кезде алатын және осындай әкелу немесе әкетудің ажырамас шарты болып табылатын кедендік төлемнің түрі» түсініледі.

Жоғарыда келтірілген заңнамалық актілердің ережелері шикі мұнайға үкімет актісімен кіргізілген «экспорттық кедендік баж» кеден төлемдерінің бір түрі екені және ҚР Салық кодексінің 16-бөлімінде көзделген «басқа міндетті төлемдер» санатына жататыны туралы қорытынды жасауға мүмкіндік береді. Осыған орай, кіргізілген «экспорттық кедендік бажды» салық және кеден заңнамаларында көзделген міндеттеменің жаңа түрі ретінде бағалау қажет. Ал Қазақстан Республикасы тарапы болып есептелетін әрбір инвестициялық шарт қолданылатын салық пен басқа да міндетті төлемдерді төлеу міндеттемелерінің тұрақтылығы туралы ережені көздейтіндіктен, шикі мұнайға «экспорттық кедендік баж» ретіндегі міндетті төлемнің жаңа түрі осы құқықтық новелла әрекетке енгізілгенге дейін шарт жасаған жер қойнауын пайдаланушы-инвесторларға таратыла алмайды.

Бұл қорытынды «Қазақстан Республикасының кеден аумағынан шикі мұнай және мұнайдан өндірілетін тауарларды шығару барысында алынатын кедендік баж туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2005 жылдың 15 қазанындағы №1036 Қаулысының 3-1 тармағында берілген ережеге қайшы келмейді. Онда Қазақстан Республикасының кеден аумағынан шығарылатын шикі мұнайдың кеден төлемдерінің ставкалары «шикі мұнайға кедендік әкету баждары төлемінен босатуды көздейтін Қазақстан Республикасының Президенті бекіткен жер қойнауын пайдаланушыларға арналған келісім-шарттар бойынша олар өндірген шикі мұнайды жер қойнауын пайдаланушылардың әкетуіне қолданылмайды» деп көрсетілген.

Міндетті төлемнің осы түрін келісім-шарт ережелерінің тұрақтылығына кепілдігі бар жер қойнауын пайдаланушыларға негізсіз тарату нәтижесінде мемлекет бюджетіне миллиард АҚШ долларынан аса қаржы түсті. Аталған дау арбитраж талқылауы бола алады, ал оның өзі әлемдік қауымдастық алдындағы мемлекеттің іскери беделі мен атағына нұқсан келтіруі мүмкін.

Осы тұрғыда инвестицияларды қорғау мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының халықаралық міндеттемелері туралы айтпай кетуге болмайды. Біріншіден, біздің еліміз шетел мемлекеттерімен шетелдік инвестицияларды өзара қорғау және қолдау жөнінде бірқатар Шарттарға қол қойды, оларға сәйкес инвесторларға жан-жақты қолдау көрсету және инвестициялық қызметтің тоқтатылуына немесе қиындатылуына бағытталған іс-әрекет жасамау міндеттемесін мойнына алған болатын. Жалпы ереже бойынша, Қазақстан Республикасы қол қойған және ратификация жасаған халықаралық шарттар ұлттық заңнамаға қарағанда артықшылыққа (үстем мәнге) ие (ҚР Конституциясының 4-бабы).

Екіншіден, Қазақстан Республикасы жер қойнауын пайдалану саласына қатысты Энергетикалық Хартияға[268] қосымша Шартты ратификация жасаған (Қазақстан Республикасы Президентінің 1995 жылғы 18 қазандағы №2537 Жарлығы) және осы актімен Энергетикалық Хартияға қатысушылардың субъектілері болып табылатын «инвесторларды қолдау және оларға тұрақты, тең құқықты, жағымды және ашық жағдайлар жасау» міндеттемесін мойнына алған. Осы халықаралық-құқықтық актіге қол қоюшылардың барлығы үшін міндетті деп есептелетін негізгі ережелерді атап өтелік:

1. Шетелдік барлық инвесторларға ұлттық инвесторларға немесе басқа елдердің инвесторларына берілген инвестициялық қызмет «режимінен» кем емес режим беру.

2. Инвестициялық және басқалай пайдалы қызметке белгіленген «режимнен» алынатын алымдарды ең аз көлемге дейін шектеу.

3. Инвесторлар үшін шектеуді біртіндеп жою.

4. Ұлттық заңнама салынған инвестициялар, инвестициялық келісімдерге қатысты талаптардың орындалуының тиімді құралдарын және құқықтардың сақталуын қамтамасыз етуін қадағалау.

5. 5. Инвесторларға қатысты ұлт меншігіне айналдыруды, экспроприацияны немесе ұлт меншігіне айналдыруға, экспроприацияға ұқсас салдары бар басқа да шараларды болдырмау. Мемлекеттік мүдделерді қорғау мақсатында және құқықтық процедуралардың сақталуымен ондай жағдай бола қалса, «шұғыл, жеткілікті және тиімді өтемақы төлемі» іске асырылуы тиіс.

Сонымен, халықаралық-құқықтық міндеттемелеріне сәйкес Қазақстан Республикасы инвесторлардың құқықтары мен заңды мүдделеріне нұқсан келтіретін іс-әрекеттерді жасай алмайды және құқықтық актілер қабылдай алмайды және жасамауы, қабылдамауы тиіс. Соңғы екі-үш жылда Қазақстанда инвестицияларды қорғау және халықаралық-құқықтық міндеттемелерді орындау мәселелері алаңдаушылық туғызып отыр. Мысалдар аз емес: ұлттық заңдар мен халықаралық-құқықтық актілерге қайшы келетін актілердің қабылдануы; соттар мен өкілетті мемлекеттік органдар қабылдаған күмәнді актілер негізінде инвесторлар мен жер қойнауын пайдаланушылардың меншігі мен пайдасын тартып алуға бағытталған заңсыз іс-әрекеттердің жасалуы; «келісім-шарт ережелерінің» тұрақтылығын және шарттармен белгіленген «салық режимін» қамтамасыз ету жөніндегі міндеттеменің бұзылуы.

Мемлекет пен оның органдарының осы және басқа да бұрыс (заңсыз) әрекеттері елдегі инвестициялық климаттың жақсаруына, елдің халықаралық деңгейдегі жағымды имиджі мен рейтингі қалыптасуына жәрдемдеспейді.

Екінші жағынан, инвесторлар да, әсіресе, шетелдіктер, мемлекеттен ұлттық инвесторлардан гөрі үлкен жеңілдіктер мен артықшылықтарды, әсіресе, орта және шағын бизнес саласында, алуға ұмтылмауы тиіс. Шамадан тыс пайдаға құнығу, ел мен оның халқына, қолданыстағы заңдар мен құқықтық жүйеге немқұрайды қарау мемлекеттің жауапты қорғаныс реакциясын тудырады. Бар нәрседе мүдделер балансы, құқық пен қол жеткізілген келісімдерге құрметпен қарау болуы тиіс, тек сонда ғана қалаған жағымды нәтижеге және инвестициялық қызметке қатысушылардың бәрінің арасындағы жарасымды қарым-қатынасқа жетуге болады.

<< | >>
Источник: Елюбаев Жумагельды Сакенович. ВОПРОСЫ ПРИРОДОПОЛЬЗОВАНИЯ: недропользование, эмиссии в окружающую среду, размещение и хранение отходов (сборник научных статей и докладов), Алматы: 2014. 2014

Еще по теме Жер қойнауын пайдалану саласындағы инвестициялық қызметті құқықтық реттеу:

  1. Жер қойнауын басқарудың конституциялық негіздері: проблемалар және болашақ
  2. Елубаев Жұмагелді Сәкенұлы
  3. ЗАҢНЫҢ ҚАТАҢ САҚТАЛУЫ - ЕҢБЕК ДАУЛАРЫН ШЕШУДІҢ НЕГІЗГІ ЖОЛЫ
  4. Н. Б. МУХИТДИНОВ М. Д. НАДУОВ Е. Ш. ДУСИПОВ МЕНШІК KYKbIFbI ЖЭНЕ КАЗІРГІ КЕЗЕНДЕ ТАБИГАТ БАЙЛЬЩТАРЫНЫЦ МЕЦГЕРІЛУІ
  5. МОНИТОРИНГ ФИНАНСОВОГО РЫНКА [monitoring of financial market]
  6. 269. Остальные случаи законнаго залогового права.
  7. 24.Законы хана Тауке «Жеты Жаргы».(семь установлений).
  8. ФИНАНСОВЫЙ АНАЛИЗ [financial analysis]
  9. Опцион колл
  10. Платежи на воспроизводство природныхресурсов
  11. 1.8. Расчеты наличными деньгами
  12. ЛІТЕРАТУРА
  13. 7.14.1 Верхняя граница премии американского опциона пут
  14. Тема 8. Облік операцій з цінними паперами
  15. Хеджирование позиции по долларам США
- Law - Авторское право - Аграрное право - Адвокатура - Административное право - Административный процесс - Антимонопольно-конкурентное право - Арбитражный (хозяйственный) процесс - Аудит - Банковская система - Банковское право - Бизнес - Бухгалтерский учет - Вещное право - Государственное право и управление - Гражданское право и процесс - Денежное обращение, финансы и кредит - Деньги - Дипломатическое и консульское право - Договорное право - Жилищное право - Земельное право - Избирательное право - Инвестиционное право - Информационное право - Исполнительное производство - История - История государства и права - История политических и правовых учений - Конкурсное право - Конституционное право - Корпоративное право - Криминалистика - Криминология - Маркетинг - Медицинское право - Международное право - Менеджмент - Муниципальное право - Налоговое право - Наследственное право - Нотариат - Обязательственное право - Оперативно-розыскная деятельность - Права человека - Право зарубежных стран - Право социального обеспечения - Правоведение - Правоохранительная деятельность - Предпринимательское право - Семейное право - Страховое право - Судопроизводство - Таможенное право - Теория государства и права - Трудовое право - Уголовно-исполнительное право - Уголовное право - Уголовный процесс - Философия - Финансовое право - Хозяйственное право - Хозяйственный процесс - Экологическое право - Экономика - Ювенальное право - Юридическая деятельность - Юридическая техника - Юридические лица -